• RUB:
    5.05
  • USD:
    522.91
  • EUR:
    548.85
Басты сайтқа өту
06 Шілде, 2015

ҚАЗАҚСТАН ТАҢДАУЫ: «2050» Стратегиясы. «Мәңгілік Ел». «Нұрлы Жол»

648 рет
көрсетілді

Сәуір айының басында «Қазақстан таңдауы: «2050» Стратегиясы. «Мәңгілік Ел». «Нұрлы Жол» деп аталатын монографиям жарық көрді. Ал осы айдың 26-сы күні өткен бүкілхалықтық сайлауда Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев бәсекелестерін айқын басымдықпен жеңіп шықты. Сайлау қорытындысы бойынша құқығы барлардың 95 пайыздан астамы сайлауға қатынасқан екен. Осының 97,75 пайызы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевты жақтап дауыс берген. Көңіл аударатын тұс – жеңімпаздың сайлау қорытындысын естігеннен кейінгі халықпен кездесуінде айтқан алғашқы сөзі. Ол былай деді: «Қазақстандықтар өз таңдауын жасады. Қазақстан таңдауы: «2050» Стратегиясы. «Мәңгілік Ел». «Нұрлы Жол». Мені президенттікке қайтадан сайлаған отандастарым осыны қалады деп ойлаймын». Оқырман байқаған шығар, менің монографиямның атауы мен Н.Ә.Назар­баевтың сайлаудан кейінгі алғашқы сөзінде үлкен ұқсастық жатыр. Бұл жай ғана сәйкестік пе? Меніңше, жаңа­дан сайланған Президентіміз менің еңбегім­ді оқып шығып, соның атауын қайта­лап тұрған жоқ. Өйткені, бұл кезде ол бұл кітаппен танысып үлгерген де жоқ еді. Демек, мен қарапайым қазақ­стандық азамат ретінде, ғалым ретін­де Н.Ә.Назарбаевтың қалауын болжап білдім дей аламын. Ал мәселеге тереңі­рек үңілсек, онда сайлауға қатысқан отандастарымның 97,75 пайызы түгел­дей дерлік Н.Ә.Назарбаевтың нені қалайтынын білді. Осы монографиямның алғашқы тарауы «Сүйер ұлың болса сен сүй, сүйінерге жарар ол» деп аталса, осындағы алғашқы мақаланың бас тақырыбы: «Н.Ә.Назарбаевтың болашаққа қажеттігі басымырақ» болған екен. Дәл осы мақаланың қорытындысында өз әріптестерім – қазақстандық ғалымдар тобының және отандастардың басым бөлігінің қалауы бойынша осы сайлауда Н.Ә.Назарбаев ерекше басымдықпен жеңіске жетеді деп қорытынды жасаған болатынмын. Мінеки, осы болжам өмір болмысымен толыққанды үйлесім тапты. Меніңше, Н.Ә.Назарбаевты сайлау қазақстандықтардың қалауы болса, бұл олардың Назарбаев ұсынған бағдарламаларды қолдағандықтарын білдіріп тұр. Бар ақиқат осы жерде ғана. Демек, мәселе Елбасы ұсынған бағдарламаларымыздың мән-мазмұнына тірелген. Мен «2050» Стратегиясы. «Мәңгілік Ел». «Нұрлы Жол» жайлы бұған дейін де «Егемен Қазақстан» газетінде бірнеше мақала жазып, газет тілшілеріне бірнеше сұхбат бергенмін. Онда айтылған пікірлерімді газеттің оқырмандары ұмытпаған шығар. Ал бұл жолы оған тоқталып жатпай, алда не істеледі, ол жұмыстардың қандай нәтижесі болады, «100 нақты қадам» Ұлт жоспарын жүзеге асыру не үшін керек болды деген сұрақтарға жауап беруді мақсат тұттым. Сондықтан, айтар ойға бірден көшейік. Егер егеменді еліміздің 24 жылдық тарихына көз жүгіртер болсақ, онда бір ақиқатты анық байқауға болады, ол – Н.Ә.Назарбаев қызметінің, Елбасы нұсқауымен жасалып жүзеге асырылған бағдарламалардың мазмұны сатылап өсу дегенді білдіреді. «Секіріс», «аттап өту» дегендер жоқ. Барлық реформалар өмір талабы, барлық бағдарламалар сатылап өсу жоспары. Реформалар бірін-бірі толықтырса, бағдарламалар бірінен соң бірі дамудың келесі және кезекті жолынан өтудің жоспары болып шықты. Айталық, «Қазақстанның 2030 жылдарға дейінгі даму бағдарламасы» негізінен табиғи байлыққа, шикізат қорына арқа сүйей отырып, ел экономикасын дамыту, халықты жұмыспен қамтамасыз ету мәселесін шешу, алдағы дамуларға баспалдақ жасау жоспары болып шықты. Бұл мерзімінен бұрын ойдағыдай орындалды. Қазақстан әлемдегі алдыңғы қатарлы 50 елдің сапына енді. Ескерте кетейік, қазір біздің тұғыр ол межеден әлдеқайда биікте. Осындай ауқымды мәселені шешіп алған Елбасы ішкі шаруаларды Үкіметке және жергілікті атқарушы билікке сеніп тапсыра отырып, дамудың бұдан кейінгі жолдарында аса шешуші қызмет атқаратын арналарды кеңейтуге басымдық берді. Айталық, посткеңестік аумақта ТМД деп аталатын халықаралық құрылымды өмірге әкелудің басы-қасында болды. Бұл құрылым «бет-бетіне түйе айдаған» жас мемлекеттердің билік басындағы серкелері ұстанған тайыз саясаттың салдарынан жанды қызмет істей алмады. Сол шақта Елбасы «Кеден одағы», содан соң «Еуразиялық экономикалық одақ» деп аталатын құрылымдардың өмірге келуіне ұйытқы болғаны да бір ғанибет. Бұл соңғылары айтарлықтай нәтиже бергенін өмірде нақты сезіндік. Бір назар аударарлық тұс, дәл осындай құрылымды өмірге әкелу арқылы Н.Ә.Назарбаев болашақта шамамен 4 еседей молаятын Қазақстанның тауарлы өндірісіне өріс, яғни сатылатын базар тапты. Бір сөзбен айтсақ, Еуразиялық эко­номикалық одақ Қазақстанның 180 миллион­дық тұтынушысы бар алып базар­дың белді ойыншысы болуына берік негіз жасады. Көреген Көшбасшы мұны­мен қарап қалған жоқ. Арналарда әртарап­тандыру және кеңейту ұдайы назарда болды. Сол бағытта жасалған қыруар жұ­мыстардың арқасында ежелгі Ұлы Жібек жолы ХХІ ғасыр талабына сай қайта жаң­ғыртылып жатыр. Мұндағы мақсат – Қазақстан арқылы Қытай бастаған Оңтүстік-Шығыс Азия елдерінің тауарлы өндірісшілерін Еуропаның тұтынушыларымен төте байланыстыру. Сондай-ақ, Еуропа өндірісшілері екі миллиардтық тұтынушысы бар Орталық және Оңтүстік-Шығыс Азия мемлекеттеріне тауарын төте жолмен қысқа мерзімде жеткізетін болады. Осындай кең арна, жазық даңғыл жұмыс істегенде Қазақстанның тауарлы өндірісі іркіліске ұшырауы мүмкін емес. Міне, алысты болжаған саясаттың көздеген мақсаты осы. Бір жағымызда алып Қытаймен, екінші жағымызда ежелгі көрші Ресей Федерациясы арқылы дамыған Еуропамен, үшінші жағымызда Үндістан, Иран арқылы Таяу Шығыс елдері және Африка құрлығымен түсіністік, экономикалық әріптестік жағдайында өмір сүрсек, онда даму әрқашанда баянды болмақ. Экономикалық қарым-қатынасты жолға қойып, одан пайда тауып отырған мемлекеттер мен халықтар бір-біріне оқ кезенбейді. Мінеки, ұлтымыздың көреген Көшбасшысы ұстанған саясаттың көкжиегі қайда жетелейтінін осыдан-ақ көруге болады. «2050» Стратегиясы жарияланған сәтте-ақ мен бұл «мерзімінен бұрын орындалатын жоспар» деген тоқтам жасаған едім. Осынау болжамымды қазірдің өзінде әлемнің барлық сарапшылары қолдаған сыңайлы. Астанада өткен Экономикалық форумнан кейін оған қатынасушылар бірауыздан «Қазақстан мынадай жоспарымен әлемдегі дамыған 30 елдің сапында 2050 жылдан әлдеқайда бұрын тұрады» дегенді айтты. Өйткені, олар «2050» Стратегиясы. «Мәңгілік Ел». «Нұрлы Жол» бағдарламаларымен бұрыннан таныс-біліс болса, «5 институттық реформа» және осылардың бәрін жүзеге асыру үшін өмірге енгізілетін «100 нақты қадам» Ұлт жоспарымен сол экономикалық форумның барысында танысты. «100 нақты қадам» Ұлт жоспарына шетелдік­тер­дің қызыққаны соншалық, олардың кей­бірі «Егер әлем мемлекеттерінде Н.Ә.На­зар­баевтай Пре­зидент болса, адамзат бұдан әлдеқайда қарқындырақ дамыр еді» дегенді айт­ты. Оқырманға ескерте кетейін, шетел­діктердің бұл сөздерін мен басқа біреулердің аудармасы арқылы естіген жоқпын. Олармен ағылшын тілінде ауызба-ауыз сөйлесе жүріп, тыңдадым. Сырттан келген қонақтардың көбісі маған таныс және олар да мені білетін еді. Сол әріптестер «Н.Ә.Назарбаевтай Президенті бар және 100 нақты қадам секілді айқын жоспармен жұмыс істейтін Қазақстанның даму қарқыны жеделдей түседі» дегенді батыл сеніммен айтты. Қазақстан дамуы бұдан былай әлемді таңғалдырған Оң­түстік Шығыс Азия «барыстары» мен «арыс­тандары» бұған дейін жасаған даму қар­қынынан әлдеқайда жоғары бола­тынына олар толық сенгендей. Өйт­ке­ні, бізде жасалған жоспарлардың бәрі негізді. Атап айтар болсақ, біріншіден, Қа­зақстан халқы жаппай сауатты. Яғни, біздегі адам капиталы жоғары деңгейде. Екіншіден, дәл осы басымдығымызды күшейте түсу үшін Н.Ә.Назарбаев білім мен ғылымды дамытуға ұдайы және айрықша көңіл бөлуде. Бұл болашақтың сенімдірек болуына қаланған берік негіз. Үшіншіден, Қазақстан қажетті өндірістік металдардың қорына бай ел. Үлкен индустрия қанша қажет етсе, сонша металл өзімізден де табылады. Орайы келгенде айта кетейік, бізде әлем­нің көптеген елінде жоқ сирек металдар өндірісі де жұмыс істейді. Бұлар индустрияны өскелең уақыт талабына сай қанша құбылтамын десең де, жол ашатын зор мүмкіндік. Төртіншіден,  Қазақстан Ұлы Жібек жолының өзегінде жатқан ел болғандықтан, әлемнің Еуразия құрлығындағы екі миллиардтан астам тұтынушыға тауарын төте жолмен ұсына алатын мемлекет. Ақыр аяғында осындай мүмкіндіктерді толық қуатында пайдалана отырып, қарқынды дамуымызды қамтамасыз ететін ішкі тұтастық пен сыртқы түсіністік саясаты біздің басты ұстанымымыз. Бұған Астанада өтуі дәстүрге айналған әлемдік дәстүрлі діндер жетекшілері бас қосатын құрылтай да үлкен қолдаушыдай оң ықпал етеді. Биылғы жылы бұл құрылтайға 40-тан астам мемлекеттің өкілдері жиналыпты. Демек, бізде 40-тан астам мемле­кетте тілеу­­лестер бар деген сөз. Қыс­қасы, Қа­зақ­станның даму жоспарлары отандас­тардың өміріне оң және жақсы өзгерістер енгі­зетін кез мүлде алыс емес. Өйткені, біздің осындай жақсы жақта­­рымызды, ұтым­ды жақтарымызды көріп тұрған халық­аралық институттар, әлем­нің алпауыт инвес­торлары елімізге аса қызы­ғушы­лық танытып, инвестиция құюды жыл өткен сайын өсіре түсуде. Орайы кел­генде айта кетейін, қай жерде, қай елде болмасын байдың ойлайтыны – қазы­насын молайту. Ал ол қазына басқаны былай қой­ғанда, тыныш елде, әлеммен тү­сіністік пен сыйластық жағдайында өмір сүретін елде, табиғи қорға бай, халқы сауат­ты елде, энергетикалық тапшылық көр­мейтін елде, тасымал жүйесі жоғары дең­гейдегі елде ғана молая алады. Демек, бізде әлем байларының өз қазынасын молай­ту мүм­кіндігінің барлығы бар дейміз. Сон­дықтан да дамуымызға, қарқынды дами­тыны­мызға күмәнмен қарау мүмкін емес. Мақаланың басында айтып кеткенім­дей, қазақстандықтар биылғы сайлауда осы жолды, қарқынды даму жолын, әлем жұртшылығымен бейбіт қатар өмір сүру жолын таңдап алды. Ал бұл жолдың авторы Тұңғыш Президентіміз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев болатын. Ал Н.Ә.Назарбаев әрқашанда өз қызметін жоспарлы жүргізетін және сол жоспарларын аяғына дейін жеткізетін Көшбасшы. Қазақстанның КСРО күйреуінен бүгінгідей қарқынды дамушы және әлем қызығатын мемлекетке қысқа мерзімде айналып шығуы Елбасымыздың осындай қасиетінің нақты өміріміздегі көрінісін паш етеді. Ендеше, біз әрқашанда Қазақстан таңдауы қол жететін игілік деп ойлауға тиістіміз. Н.Ә.Назарбаев әрқашанда өзі авторы болған бағдарламалардың іркіліссіз жүзеге асырылуы үшін қолдан келгеннің бәрін жасайды. Өз басым соңғы кездері қолға алынып жатқан «100 нақты қадам» бағдарламасын осындай бір игілікті іс деп білемін. Ақиқатқа тура қарау ешқашан да адастырмайды. Олай болса, 2007 жылғы тамызда АҚШ ипотекалық жүйесінде басталып әлемге тұмаудай тараған қаржы-экономикалық дағдарыстың әлі де айылын жимай тұрғанын мойындауға тиіспіз. Бір ескеретін тұс – Елбасымыз жағдайдың осылай орайласатынын күні бұрын білгендей қызмет істегендігі. 2008 жылдың өзінде-ақ Қазақстан Президенті «Шикізатқа, мұнай долларларына қараған күннің неге жеткізетіні белгілі болды. Енді біз эконо­микамызды қайта құрылым­дап, қосымша құны мол тауарлы өндіріс жасай­тын индустриялы елге айналу­ға тиіспіз» дегенді айтқан еді. Сонан соң «2010-2020 жылдарға дейінгі кезеңге арналған индустриялық-инновация­лық даму бағдарламасы жасалып іске қосылды. «Жақсының жақсылығын айт, нұры тасысын» дегенді бабаларымыз бекерге айтпаған шығар. Бұл бағдарлама бойынша да біраз игіліктер өмірімізден орын алды. Десек те, соңғы жылдары даму қарқынымыз саябырси бастағандай. Мұның себептері көп екені даусыз. Десек те, ең басты кедергілер өз ішімізде екені айқын. Бұл жайлы мен өзімнің биыл жарыққа шыққан монографиямда атап көрсеткенмін. Бір қуаныштысы, сол еңбегімде көрсеткен ойлар мен ұсыныстар жоғары билікте, ол ол ма, Н.Ә.Назарбаев секілді көреген Көшбасшымыздың санасында да пісіп-жетіліп өмірге жолдама алғалы тұр екен. Өз басым «100 нақты қадам» бағдарламасын сондай игілік деп ойлаймын. Егер осы 100 нақты қадам жасалса, онда «2050» Стратегиясы. «Мәңгілік Ел». «Нұрлы Жол» бағдарламалары толығымен жүзеге асып, халқымыз оның игілігін көретін болады. Бір айта кетерлік тұс, 100 нақты қадам дамуымызға тежеуіштей кері әсер етіп тұрған ішкі кеселдерді жою жоспары болып шығыпты. Енді осыларды неге бұлай атағанымды түсіндіре кетейін. Мемлекеттің дамуы мен мұндағы дамудың тежелуі көп жағдайда адам факторына тікелей қатысты. Айталық, артта қалған патшалық Ресей мұрасын қабылдап алған КСРО державасы бас-аяғы 50 жылдың ішінде үш бірдей соғысты (Дүниежүзілік соғыстар мен Азамат соғысы және Қазан төңкерісі) бастан кешсе де, ғарышқа адамзат баласын тұңғыш рет ұшыра алған ел болып шықты. Алып та бай капиталистік әлемге әскери әлеуеті жағынан жалғыз осы КСРО державасы ғана қарсы тұра алды. Бұл ненің жемісі? Сұрақтың жауабы әзір. КСРО державасының қарқынды дамуы ондағы адам капиталының жоғары деңгейде болуынан. Бір сөзбен айтқанда, КСРО державасында білімге, ғылымға ерекше көңіл бөлінді. Мемлекеттік қызметте сынақтан өткендер ғана отыра алды. Сөйтіп, аш-жалаңаш мемлекет қысқа мерзім ішінде адамзат көшінің алдына шықты. Міне, осы тұста мемлекеттің жоғарғы билігінде «пәс көңілділік» сезім пайда болды. «Жоспар қуушылық» деген кесел өмірімізден орын алып, ол «көз бояушылыққа» апарды. Мұның бәріне жауапты жоғары партиялық элита еді. Егер жоғары партиялық элитаның «Жоғары партия мектебі» деп аталатын білім беру ордасы жұмысын дұрыс істеген болса, онда держава тарқамас еді. Тіпті, держава тарқады дегеннің өзінде сол мектепті бітіргендердің бір тобы кезінде атеистік тақырыпта лекция оқып, енді мешіттерде намазға жығылып жүрмес еді. Мінеки, мемлекеттік кадр саясатында, кадрлардың қызметіне сай білімді болуына орай таңдау кезінде осындай олқылықтар орын алмаса, бәлкім, әлеуметшіл қоғамның ғұмыры әлдеқайда ұзақ болатынын осыдан-ақ көруге тиіспіз. Өз басым Н.Ә.Назарбаев 100 нақты қадам жоспарын жасау кезінде мемлекеттік қызметкерлерді іріктеу және оларды ұдайы оқыту ісіне ерекше маңыз берсе, ол осындай өмірімізде болған кереғарлықты ескергендіктің белгісі деп ойлаймын. Иә, әрқашанда мемлекеттік қызметке, мемлекеттік қызметтің жоғары сатысына нағыз лайықтылар орналасуы тиіс. Егер тарихқа үңіле түссек, онда мемлекеттік билік білімге маңыз бергенде өркендеу, ал оған теріс қарағанда кері кету болғанын дәлелдейтін деректерді көптеп кездестіре аламыз. Айталық, бүгінгі Ирак, Иран жерінде кезінде адамзаттың гүлденген алғашқы мемлекеттері Ассирия мен Вавилон империялары өмір сүрген. Бұл жерде Ашурбанипал, Навуходоносор секілді көреген көшбасшылар патшалық құрған тұста адамзаттың алғашқы әліпбиі жасалған. Бұл жерде осы патшалар тұсында әлемнің жеті кереметінің бірі «Семирамида бақтары» жайқалған. Аспанда ілулі тұрған мұндай бақты жасау үшін бұл патшалықтың инженерлік ғылымы қандай болды деген сұрақтың жауабын енді өзіңіз берерсіз. Сондай-ақ, ежелгі дамыған грек империясына патшалық еткен Александр Македонскийдің ұстазы адамзаттың данышпаны Аристотель болғанын білеміз. Ал Александрия кітапханасының жетекшісі бұл мемлекетте патшадан кейінгі екінші тұлға саналған. Өйткені, тақ мұрагері мен патшалық элитасындағы қызметкерлерді даярлауға сол басшылық жасаған. Мінеки, тарих бізге осындай нақты мәліметтер беріп тұрғанда біз ұлтымыздың Көшбасшысы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев ел дамуында дұрыс жолды таңдап алған деген жүрек сөзін нық сеніммен айта аламыз. Сағындық САТЫБАЛДИН, экономика ғылымдарының докторы, академик. Алматы.